ШҚО-да компаниялар бір қалаға тиесілі электр энергияны майнингке жұмсаған

Автор: Асыл Арман

Заңсыз сатылған электр энергиясының жалпы көлемі 50 мегаватт-сағаттан асты

Фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында құны 9 млрд теңгеден асатын заңсыз электр энергиясын сату дерегі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Майнингке электр сату ережесі қалай бұзылды?

Қолданыстағы заңнама бойынша, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясы тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде сатылуы тиіс.

Алайда бірқатар энергиямен жабдықтаушы компания бұл талапты елемей, екі жыл бойы халыққа, әлеуметтік нысандарға және стратегиялық кәсіпорындарға арналған электр энергиясын майнингке бағыттаған.

50 мың халқы бар қалаға тең көлем

Заңсыз сатылған электр энергиясының жалпы көлемі 50 мегаватт-сағаттан асты. Бұл 50–70 мың тұрғыны бар қаланың бір күндік энергия тұтынуымен шамалас.

Заңсыз табысқа пәтер мен көлік алған

Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа ұйымдастырушы елордадан 2 пәтер және 4 автокөлік сатып алған. Бұл мүліктер сот санкциясымен бұғатталды.

Тергеу жалғасуда

Іс бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.

Тегтер: