Ол Челябі облысында қолға түсті
Қостанайда досының баласын зорлады деген күдікті Ресейге қашып кеткен жерінен ұсталып, экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратура көрінеу кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
«Қаскүнем 2024 жылдың қарашасында Қостанай облысында ата-анасымен достық қарым-қатынастағы жасөспірімнің пәтеріне келген. Жәбірленушімен екеуі жалғыз қалғанда, оның жасы мен психикалық ауруы туралы біле тұра, ер адам оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған.
Осы қылмысты жасағаннан кейін күдікті Қазақстан аумағынан шығып кетіп, осыған байланысты халықаралық іздестіруге жарияланды.
Өткен жылы ол Ресей Федерациясының Челябі облысында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған іс-әрекеті үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.