Танымал әншілер Димаштың қарындасына ерекше сый жасады
Әнші Мирас пен Құралай жақында тұрмысқа шыққан Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушанға ерекше сыйлық жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өнерлі жұп Раушанның кіндік әке-шешесі екенін айта келе, ырымдап күміс таққанын атап өтті.
«Раушантай, сыйлықтарымыздың бірін – осы әшекейді саған шын жүректен сыйлап отырмыз. Бұл – жүректен шыққан, саған ғана арналған әдемі тілектің белгісі. Сұлулығыңа сұлулық қосып, әр күнің осы әшекейдей жарқырап өтсін деп тіледік», - деді олар.
Өнерпаздар жақында таза күмістен жасалатын әшекей бұйымдар брендін ашқанын еске салды.
«Алғашқы топтамалардың бірінен, ерекше дизайнмен жасаған бұл жиынтығымызды арнайы саған тарту еттік. Ежелден күміс – апаларымыз бен әжелеріміз таққан, жамандық пен көзден сақтайтын, тазалық пен шынайылықтың белгісі саналған. Сол қасиет сенің өміріңде де әрдайым жолдас болсын!», - деп түйіндеді Мирас пен Құралай.
Раушанға берілген бұл сыйлық оның күйеуіне ұнап қалды. Желіде жарияланған видеодан Ермаханның сыйлыққа таңданысын білдіріп, қайта-қайта бас бармағын көрсеткенін байқауға болады.
Еске сала кетейік, Димаштың қарындасы Раушан Сарыағашқа келін болып түсті. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Раушан Құдайбергеннің қазақтың салт-дәстүріне сай отқа май құйғанын көруге болады. Абысындары шымылдықты ашып, үлкендер ақ орамал таққан.