Ол су астында 1367 метрді жүзіп өткен
Ақтаулық дайвер Қанат Әбдиев Каспий теңізінің түбін қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Экологиялық белсенді су астында 1367 метр жүзіп, пластикалық бөтелкелерді, тамақ қалдықтарын, көлік дөңгелегі мен металл сынықтарын алып шыққан сәтін видео түсіріп, Instagram желісінде жариялады.
Қанат Әбдиев су астын тазалауды бірнеше жыл бұрын бастағанын атап өтті.
«Мен үш жылдан бері әуесқой дайвингпен айналысамын. Бір күні жүзіп келе жатып, теңіз түбінде қоқыс жиналғанын байқадым. Содан бері жол бойы кезіккен қоқыстың бәрін жинап келемін. Табиғатқа пайдамды тигізуді азаматтық борышым деп санаймын», - дейді белсенді.
Ол қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны қорғауға, демалыс кезінде қоқыс тастамауға және Каспий теңізін таза ұстауға шақырды.