Бұл аймақта соңғы бес жылда анықталған қылмыстық топтың саны
Фермерлерге қырғидай тиген ұрылардан сақшылар тек биылдың өзінде 75 миллион теңгенің малын тауып, иелеріне қайтарған. Бірақ, полицейлердің пікірінше, бұл үлкен көрсеткіш емес. Бүгінде өңірде мал санын сақтау мен барымташылардан қорғанудың арнайы жобасы әзірленген. Соған қарамастан, тек биылдың өзінде 716 мал ұрлығының дерегі тіркеліп, оның 530-ы ғана ашылған.
«Егер 2014 жылы 1609 мал ұрлығы болса, биыл 729 факті тіркелді. Тек осы жылдың өзінде полиция 530 ұрлықтың бетін ашты. Қолды болған 636 мал жергілікті тұрғындарға қайтарып берілді. Оның ішінде 159 жылқы, 294 қой мен ешкі, сондай-ақ, 183 мүйізді ірі қара бар», - деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Алайда, полиция 300-ден астам қылмыстық топтың қанша малды қолды қылғанын ашып айтпады. Олардың талдауы бойынша, облыста барымташылық қылмыстың 60%-ға жуығы ғана ашылады. Тұрғындар малының ұрланғанын дер кезінде хабарламайтын кездер де жиі кездеседі екен.
Айта кетейік, кеше ғана Мемлекет басшысы мал ұрлығы үшін берілетін жазаны күшейту туралы тапсырма берген болатын.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы