«Түнімен көз ілмедік»: Таразда белгісіз біреу көлдегі шлюзді ашып, қашып кеткен

Автор: Алмас Ерсін

Үшбұлақ арнасынан асып, 30 үйдің ауласын су басты

Фото: istockphoto.com

Таразда Үшбұлақ каналы арнасынан асып, қала орталығындағы 30 үйдің ауласын су басып қалды. Тізеге дейін жеткен тасқыннан қорғанған тұрғындар түнімен көз ілмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.  

 Оқыс оқиғадан кейін кейбір үйдің іргетасы үгітіліп, қабырғаларына зақым келген. Әкімдік бұл жағдайға «Зербұлақ» көліндегі шлюздің ашылып кетуі себеп дейді. Айтуынша, белгісіз біреулер су байламасын ашып, қашып кеткен. Екпінді су «Үшбұлақ» каналынан асып, қала аумағына жайылған. Аталмыш оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Ал полиция департаменті шлюзді ашып, заңсыз әрекетке барған адамды іздестіріп жатыр.

«Барлық үйдегі су деңгейі түсіп, 12 техника 25 адамнан жұмыс атқарды. Қазір қауіп төмендеді. Су сейілді. Үйлерді судан тазарттық. Қазір еш қауіп жоқ», - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Еске сала кетейік, мамырда Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповских премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ел ішінде бұзақылық жиілеп кеткеніне алаңдап, жазаны қатаңдатуды ұсынған болатын. 

«Мұның негізгі себептері – бұзақылықтың алдын алу тетіктерінің әлсіздігі, бейнебақылау жүйелерінің жеткіліксіздігі, профилактикалық жұмыстардың формалды түрде жүргізілуі.Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау керек», - деп санайды сенатор.

Тегтер: