Астаналық сәнқой әжелер Болгариядағы халықаралық байқаудан жеңіспен оралды

Автор: Аягөз Құрмаш

60-тан асқан әжелер байқауда топ жарған

Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Kerbez_models» сән тобы Болгарияда өткен халықаралық байқаудан жүлделі орынмен оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Байқау Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі «Амфитеатр» сахнасында, «Art in Motion» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылған «Би жағалауы» атты хореографиялық өнер фестивалі аясында өткен.

Жарысқа Қазақстан атынан қатысқан «Kerbez_models» тобы 60+ жас санаты бойынша «Сән шоуы. Ансамбль» номинациясының бірінші дәрежелі лауреаты атанды. Сондай-ақ, «Сахна бейнесін жарқын бейнелегені үшін» арнайы марапатқа ие болды.

Сәнқой әжелеріміз Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Дизайн академиясының академигі, «Алмас тасты алтын қайшы» сыйлығының иегері Қайрол Әбішевтің «ZEKEN MODA» брендіндегі ұлттық нақыштағы сәндік киім үлгілерін ұсынды.

Топ жетекшісі Екатерина Жақияқызы. «Kerbez_models» ұжымы аптасына үш рет жиналып, сахналық дайындық жүргізеді. Әжелер ұлттық мәдениетті, қазақы сән үлгілерін дәріптеуді басты мақсат етеді.