Тұрғын үй кешенінің құрылысы 12 жыл бұрын басталған
Астанада 12 жыл бұрын құрылысы басталған тұрғын үй кешені аяқталып, 200-ге жуық отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше, елордада үлестік құрылыс мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгін «Триумф Сити» тұрғын үй кешенінің 2 және 3-кезектері пайдалануға берілді.
Астананың бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен өткен іс-шарада 200-ге жуық отбасы көптен күткен пәтерлерінің кілтін алды. Жаңа қоныстанушылар қатарында «Триумф Сити» тұрғын үй кешенінің үлескерлері ғана емес, сондай-ақ басқа да проблемалы нысандардың қатысушылары бар. Олар – «Араби 2», «Гранитный 2», «Future Home» кешенінің 7-блогы мен «Жаңа Мұнар» ТК-нің үлескерлері.
«Триумф Сити» тұрғын үй кешенін салу үшін үлескерлердің қаражатын тарту мен құрылыс жұмыстарын бастау 2013 жылы жосықсыз құрылыс салушы тарапынан басталған. 2015 жылы құрылыс толық тоқтап, нысан сол қалпында қалды.
«Бұл тұрғын үй кешені ауыр жолдан өтті. 2019 жылы ол ресми түрде проблемалы нысан ретінде танылып, ұзаққа созылған құрылысты аяқтауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға енгізілді. Мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдар мен тұрғын үй-құрылыс кооперативінің үйлесімді жұмысының арқасында 2 және 3-кезектегі құрылыс аяқталып, үйлер пайдалануға берілді», – деп атап өтті Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов.
Осыған дейін, 2024 жылы, кешеннің бірінші кезеңі пайдалануға беріліп, шамамен 150 отбасы пәтерлі болған еді. Жалпы алғанда, кешенде 340-тан астам үлескер тіркелген.
Астанада құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау жұмысы жалғасып жатыр және бұл мәселе қала әкімдігінің ерекше бақылауында.