Видео желіде кеңінен тарап, жұртшылық арасында қызу талқыға түсті
Астанада «Макуин» мультфильмінің кейіпкеріне ұқсатып боялған көліктердің жүргізушілері жол үстінде төбелесіп қалды. Оқиғаның барысы видеоға түсіп, әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде Астана көшесінде екі ер адамның жол ортасында төбелесіп жатқан сәті түсірілген видео кең тарады. Пайдаланушылардың ерекше назарын аударғаны – олардың көліктері. Бірі – ашық қызыл, екіншісі – қанық көк түсті, дәл мультфильмнен шыққандай әсер қалдырады.
Видео желіде кеңінен тарап, жұртшылық арасында қызу талқыға түсті. Жұрт төбелестің өзінен гөрі, ерекше көз тартатын көліктерді көбірек сөз етті. Полицияның агенттікке берген мәліметіне сәйкес, оқиға елорда көшелерінің бірінде болған. Жүргізушілер ұсақ бұзақылық әрекеті үшін ұсталды.
«Атап айтқанда, жолдың жүріс бөлігінде болған төбелеске байланысты ұсақ бұзақылық фактісі тіркеліп, құқық бұзушылар ұсталып, полицияға жеткізілді. Оларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды», – деді Астана қалалық полиция департаменті.
Ведомство өкілдері:
«Қоғамдық орындарда жасалған, азаматтарға қарсы бағытталған кез келген құқықбұзушылықтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеміз», – деп мәлімдеді.