Оларға ота МӘМС аясында жасалады
Астанада жүректің туа бітті ауыр ақаулары бар 13 балаға МӘМС аясында ота жасалатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта отандық дәрігерлерге арналған бірегей шеберлік сабағы өтіп жатыр. Оның авторы және жүргізушісі – Мельбурн қаласындағы Корольдік балалар ауруханасының кардиоторакалдық хирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Игорь Константинов.
Шеберлік сабағы 14 тамызға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта шетелдік маман қазақстандық балаларға ота жасап жатыр, оған ҰҒМO мамандары ассистент ретінде қатысуда. Сабақтың тақырыбы – «Жаңа туған нәрестелер мен ерте жастағы балалардағы жүректің ауыр туа біткен ақаулары мен қақпа патологияларын түзетудегі заманауи технологиялар мен реконструктивтік әдістер».
Профессор Константинов шеберлік сабағы барысында жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балалардың жүрек ақауларын хирургиялық жолмен емдеудің заманауи тәсілдері мен озық әдістерін таныстырады. Шара балалар кардиохирургтеріне, кардиологтарға, анестезиолог-реаниматологтарға және осы медициналық ұйымдағы жоғары технологиялы кардиохирургиялық көмекті қамтамасыз ететін басқа да мамандарға арналған.
«Күніне шетелдік маман жүректің күрделі туа біткен ақауы бар екі балаға ота жасайды, олардың қатарында Эбштейн аномалиясы да бар. Мұндай медициналық көмек кішкентай науқастарға тегін көрсетіледі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында. Шетелдік маман орталығымызда болған уақыт ішінде 13 ота жасауды жоспарлап отырмыз», — деді Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Амангелді Керімқұлов.