Ұйымдасқан топ үш өңірде әрекет еткен
Ақтөбе облысының үйлестіруімен жалған құжаттар арқылы жүк көліктерін заңсыз тіркеген ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттарын және көлік құралдарын тексеру туралы жалған актілерді пайдаланып, «Автоіздеу» ақпараттық жүйесіне шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді енгізіп, 77 жүк көлігін бастапқы тіркеуден өткізген.
Тергеу барысында бұл әрекеттер Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында жүзеге асқаны анықталды. Ұйымдасқан топ салық заңнамасында белгіленген бастапқы тіркеу алымын төлемеу мақсатында әрекет еткен.
Мемлекетке келтірілген залал сомасы 740 миллион теңгеден асты.
Қазіргі таңда сот шешімімен ұйымдастырушы тұлғалар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.