11 шілдеде болған оқиғада Библия өртенген
Ыстамбұлдағы әйгілі Айя-София мешітінде кілемге от қоюға әрекет жасаған ер адам дер кезінде тоқтатылды. Бұл туралы Ыстамбұл полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 11 шілде күні түнгі уақытта болған. Қызыл бас киім киіп, бет-жүзін жасыруға тырысқан күдікті мешіт ішіндегі мінберлердің артындағы колонна жанында кітапты өртеп, кілемге от қойған.
Кейіннен белгілі болғандай, өртелген кітап Інжіл болған.
Мешіттегі қауіпсіздік қызметкерлері жедел әрекет етіп, оттың таралуына жол бермей, өртті сөндірген.
Мешіт маңында кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкерлері 42 жастағы күдіктіні оқиға орнында ұстаған. Кейін ол қамауға алынды.
Ресми мәліметке сүйенсек, ұсталған азаматтың бұған дейін де бірнеше қылмыстық ісі болған. Олардың қатарында – қоқан-лоққы көрсету, тіл тигізу, шабуыл жасау және көлік ұрлығы бар.
Сондай-ақ жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ол бұған дейін психикалық денсаулық мәселелері бойынша бес рет ауруханаға жатқызылған.
Сот тыңдалымы барысында күдікті психикалық денсаулық мекемесінде емделгісі келетінін айтқан.