Талғар мен Қаскелең халқы Алматыға электр пойызбен қатынайды

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыға жақын орналасқан Талғар мен Қарасай ауданы халқы үшін электр пойызы іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы «Azattyq Rýhy» тілшісі Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды

akorda.kz

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалаға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысының алдында есеп берді. Ол қала маңындағы Алматы облысына қарасты аудандарға жол инфрақұрлымын дамыту жоспарларымен бөлісіп, тығыз орналасқан елді мекен халқына Алматыға электр пойыздармен қатынауға жағдай жасалатынын, ол үшін келісімдер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Үкімет және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан қолдау қажет. Президенттен осы бастаманы дамыту үшін ықпал етуді сұраймын», - деді Б. Сағынтаев.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы Алматы-Ұзынағаш-Алматы бағыты бойынша темір жол желісін іске қосып, жолаушылар тасымалы жолға қойылған. Алматы әкімі 2020 жылдың алғашқы күндері Қапшағай бағыты бойынша да жолаушылар отырып баратын пойыздардың іске қосылатынын айтады.  

Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңестен соң, Президент бүгін «Жаңа Алматы» бағдарламасының тұсаукесерімен танысып, «Балалар үйінің» тәрбиеленушілеріне пәтер кілттерін табыс етеді. Сонымен қатар «Tech Garden» инновациялық кластерінің жұмысымен, Инвестиция үйінің тыныс-тіршілігімен танысады. Бұдан бөлек әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне барып, онда оқу корпусы мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында болады. Жұмыс сапарының екінші күнінде Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында бірқатар кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы