Жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам 1000-нан аса өнім тәркіленді
Алматыда «Контрафакт» жедел алдын алу шарасы аясында қала аумағында контрафакт ойыншықтардың ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, рейдке бір компанияның тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуы жөніндегі ресми шағымы себеп болды. Қаланың сауда орындары мен қоймаларына тексеру жүргізілген.
Нәтижесінде бірнеше базар мен қоймадан түпнұсқаға ұқсас жалған конструкторлар, жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам 1000-нан аса өнім тәркіленді.
«Контрафакт тек бренд құқығын бұзбайды. Бұл – әсіресе балаларға қауіп төндіретін улы, сапасыз, жарақат келтіруі мүмкін өнімдер. Біз осындай заңбұзушылықтардың жолын кесуді жалғастырамыз», – деді басқарма бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.
Тәркіленген өнімдердің қаптамасы сапасыз, таңбаланбаған, өндіруші туралы ақпарат жоқ болған.
Іс материалдары жинақталып, сотқа жолданды.