СҚО-да бір ауылдағы 150 отбасы гүл өсірумен айналысады (ФОТО)
Тұрғындар 1996 жылдан бері гүл өсіре бастаған

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Имантау ауылында 900-ден астам отбасы тұрады. Елдімекендегі әрбір 6-шы әулет жылыжай ұстап, гүл өсірумен айналысады. Гүлді табыс көзіне айналдырып отырған ауыл тұрғындары енді 12 ай бойы жұмыс істейтін жылыжай салып, қияр мен қызанақ өсірмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ГҮЛ ӨСІРУДІ КӘСІП КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН
Имантау – әсем табиғатымен көзге түсетін ауыл. Елді мекен жаз айларында ерекше құлпырып кетеді. Тұрғындардың үйлерінің маңына отырғызған түрлі-түсті гүлдер ауылдың ажарын одан әрі аша түседі. Сондықтан да көпшілік Имантау ауылын «гүл жұмағы» деп атап кеткен. Тұрғындар гүлді әсемдік үшін ғана емес, пайда тауып, отбасын асыру үшін егіп отыр. Солардың бірі – Елена Максютова. Отбасымен бірге гүл өсірумен айналысып жүргеніне 10 жылдан асқан.
«Бастапқыда біз басқа фирмада жұмыс істедік. 3 жыл бойы сонда еңбек еттік. Гүл өсірудің қыр-сырын меңгердік. Тәжірибе жинадық. Одан кейін өз ісімізді бастауды жөн көрдік. Ауламызда гүл өсіре бастадық. Имантау ауылында әрбір үй гүл өсіреді. Тек әрқайсысы әр көлемде. Сондықтан тұрған жерімізді барлығы «гүл жұмағы» деп атап кеткен. Расында да солай. Гүл – көзге қуаныш, жақсы көңіл-күй сыйлайтын ерекше өсімдік. Сондықтан оны қатты жақсы көремін. Әсемдігі үшін. Көңіл-күйім түскенде бақшаға кірсем, ашуымның қалай тез тарқап кеткенін өзім де аңғармай қаламын. Жүйкем тынышталып, бір серпіліп қаламын. Бұл – гүлдің табиғат сыйға тартқан бір құдіреті. Ол өзінің жағымды энергетикасын адамдарға сыйлайды. Біз мереке, туған күнде ең жақын, жақсы көретін адамдарымызға осы гүлді тарту етеміз. Осыдан-ақ оның қадірін, құндылығын ұғынуға болады», - дейді кәсіпкер.
Дегенмен көздің жауын алар бұл өсімдіктерді баптау оңай емес. Елена отбасымен бірге ерте тұрып, кеш жатады. Себебі, гүлді күндіз суаруға болмайды. Ылғалдың да, тыңайытқыштың да өз мөлшері бар. Бірін артық, бірін кем қылса, еңбектің барлығы зая кетеді.
«Гүл де бала сияқты. Өсіріп, нәтижеге қол жеткізу үшін оны жақсы көру, тиісінше баптау, еңбек жұмсау керек. Ол да саған төккен теріңе қарай жауабын береді. Гүл өсіруді бастап, нәтиже шығара алмағандар да көп. Байқайтыным, көбінің шыдамы жетпей жатады. Бұл іс – төзімділікті талап етеді. Күйеуім екеуміз бар шаруаны бірге атқарамыз. Таңғы алтыдан тұрып, мал жайлаймыз. Одан кейін жылыжайға кіреміз. Пеш жағып, жылыжайдағы температураны қалыпта ұстап ұру керек. Гүлдердің орнын үнемі ауыстырып отыру керек. Өз ісімнен ләззат аламын. Басқа жұмыс істегенде шаршап қалуың мүмкін. Ал гүл егіп, оны баптап, күтіп жүріп тынығып қаламын», - дейді Елена.
«ГҮЛ ЖЫЛДЫҢ БАРЛЫҚ МЕЗГІЛІНДЕ СҰРАНЫСҚА ИЕ»
Ауыл тұрғындары сәуір айынан гүл, көкөніс егу жұмыстарына кіріседі. Бұл кәсіппен айналысатын 150 отбасының 110-ы жылыжай ұстайды. Тұрғындар 1996 жылдан бері гүл өсіре бастаған. Бастапқыда әсемдік үшін өсіргенімен, 2008 жылдан бері бұл іс нағыз кәсіпке ұласып, табыс көзіне айналып отыр.
«Гүл өсірушілер жұмысты қыс мезгілінде де жалғастыру мақсатында жылыжайлар сала бастды. Өйткені, ол жазда ғана емес, жылдың барлық мезгілінде сұранысқа ие. Осы мақсатта кәсіпкерлер «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие алды. Қазір пештерді сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Басқа бизнесмендер қосымша қаражат табуы үшін сол пештердің бізде жасалғанын қалаймыз. Жылыжай ұстайтын кәсіпкерлер гүл ғана емес, қызанақ, қияр, орамжапырақ, үй жидегінің бірнеше түрін өсіріп сатады», - дейді Имантау ауылдық округінің әкімі Любовь Сердюк.
БІР ЖЫЛЫЖАЙДА ГҮЛДІҢ 70 ТҮРІ БАР
Бір шаруашылықта орта есеппен, 4 адамнан жұмыс істейді. Ауылдық округ әкімі өз кәсіпкерлігін ашатындар қатары жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтады.
2019 жылдан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы арқылы гүл бизнесін дамытуға 10 флорист-гүл өсіруші жалпы сомасы 42 млн теңгенің несиесін алған. Солардың бірі, кәсіпкер Вильнур Аминов «Еңбек» бағдарламасы арқылы Қордан гүл бизнесін дамыту үшін несие алған. Қаражатқа 400 мың көшетке арналған жылыжай салған. Калининградтан арнайы байытылған топырақ пен голландиялық селекция тұқымы әкелініпті. Қосымша төрт жұмыс орны ашылған. Жылыжайда еңбек ететіндердің бірі – Валентина Тахтогулова. Оның міндетіне гүлдерді суару, орнын ауыстырып егу жатады. Бір жылыжайда гүлдің 70 түрі бар. Нәзік, хош иісті өсімдіктер жақсы күтімді талап етеді.
«Петунья, сальвия, виола, астра, циния сынды гүлдердің көп түрі бар. Барлық гүлдер ұнайды. Олардың әрқайсысына ерекше күтім қажет. Бірі ылғалды, бірі жарықты жақсы көреді. Соның барлығын ескеру қажет», - дейді жылыжай қызметкері.
Имантаудың құнарлы топырағында өсіп шыққан гүлдер Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атбасар, Щучинск, Көкшетау қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының аудан орталықтарында тіршілігін жалғастырып, жаз бойы айналаны жайқалтып тұрады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО