Жамбыл облысында танысына несие алып берген адам 3 млн теңге қарызға батты

Автор: Мөлдір Қазыбай

1,9 млн теңге несие 3 миллион теңге берешекке айналды

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында танысының өтінішіне келісіп, банк несиесін өз атына рәсімдеген азамат пайыздарыменбірге 3 млн теңгеден астам қарызға батты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облыстық сотының мәліметіне сүйенсек, бұл азаматтық іс Шу аудандық сотында қаралған.

Уәде берген таныс несиені төлемей қойған

Сот материалдарына сәйкес, бір азамат өзінің танысын 1,9 млн теңге көлемінде банк несиесін рәсімдеуге көндірген. Ол қарызды өзі төлейтінін айтып, уәде еткен, алайда кейін айтқанынан тайқып шыққан. Соның салдарынан қарыз өсіп, 3 млн теңгеге дейін жеткен.

Достық дау сотқа жетті

Жәбірленуші бірнеше рет проблеманы сотқа дейінгі жолмен шешуге тырысқанымен, танысы байланысқа шықпаған. Ақырында ол берешекті өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Медиативтік келісім жасалып, сот шешімі күшіне енді

Сот процесі барысында тараптар медиация тәртібімен мәмілеге келген. Келісім бойынша, жауапкер ай сайын 200 мың теңгеден қарызын өтеуге міндеттелді.

Сот бұл келісімді бекітіп, талапкерге мемлекеттік баж салығы қайтарылды. Шешім заңды күшіне енді.