Сайқын ауылындағы мал ұрлығына қатысты топ құрықталды
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ мәліметінше, қылмыстық топ 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың маусым айына дейінгі аралықта еркін жайылымнан 49 бас ірі қара мал ұрлаған. Материалдық шығын көлемі шамамен 20 миллион теңгені құраған.
Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, күдіктілердің мал ұрлығына қатысты кемінде төрт дерекке қатысы бары анықталды. Қазір төрт адам қамауға алынып, алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігі Президент тапсырмасы аясында мал ұрлығына қарсы күреске бағытталған жүйелі және кешенді шараларды жалғастырып жатыр.