Жолаушы күнді шатастырып, Qazaq Air рейсінің кешігуіне себеп болды
Желіде Алматыдан ұшатын жолаушы күнін шатастырып, әуе көлігін 2,5 сағатқа кешіктіргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметке сүйенсек, Алматыдан Астанаға ұшуы тиіс болған Qazaq Air рейсі сағат 23:55-те көтерілуі керек еді, алайда ұшақ тек екі жарым сағаттан кейін ғана ұшты. Оған себеп жолаушылардың бірі ұшатын күнін шатастырып алған, яғни ер адам әуежайға бір күн бұрын келіп қойған.
Жолаушылар әуе көлігінде өз орындарына жайғасқан кезде, бортсеріктер салонда «артық адам» барын байқайды.
Белгілі болғандай, ер адам күнін шатастырып алғанын өзі де мойындаған. Бірақ соған қарамастан, тексеру кезеңдерінің барлығынан өтіп кетен. Ол тіркеуден де өтіп, ұшаққа да мініп үлгерген.
Салдарынан барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, қайта отырғызу жүргізілді. Әуе көлігі келесі күннің 02:15-інде ғана, яғни арада 2,5 сағаттай уақыт өткенде барып ұшты.