Аурухана дәрігерлері тағылған айыппен келіспейді
Қостанай облыстық балалар ауруханасында операциядан кейін қайтыс болған үш жасар баланың анасы медициналық мекемеден 40 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндіріп алуды талап етіп отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Tobolinfo сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға өткен жылдың шілде айында болған. Үш жасар ұл бала магнит жұтып қойғаннан кейін облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер бөгде заттардың бір бөлігін алып тастағанымен, бірнеше шарик ішекте қалып қойған. Ақ халаттылар қалған магниттердің табиғи жолмен сыртқа шығуын күту туралы шешім қабылдаған.
Алайда кейін балаға қайта ота жасалады, алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған – бала шоктан көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайларды үнемі бақылау мүмкін емес.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеріс жүргізіп, медициналық көмекті көрсету кезінде клиникалық хаттамалардың бұзылғанын анықтады. Сонымен қатар, аталған жағдайға қатысты полиция да тергеу жүргізуде: ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша («Кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау, адам өліміне әкеп соққан») қылмыстық іс қозғалған.
Тексеріс қорытындысына сүйене отырып, баланың анасы Анна Агаркова сотқа жүгініп, 3,6 миллион теңге көлемінде материалдық шығынды және 40 миллион теңге моральдық зиянды өтеуді талап етті. Материалдық өтемақы құрамына жерлеу рәсімдері, ескерткіш орнату және бейітті абаттандыру шығындары кірген.
Жауапкер тараптың өкілі, адвокат Дамир Хамитовтың айтуынша, моральдық өтемақы мөлшерін ата-аналар өздері анықтаған.
«Бала өмірінің құнын өлшеу мүмкін емес. Бірақ егер магниттерді дер кезінде алып тастағанда, ол тірі болар еді. Бұл – дәрігерлердің салғырттығы», – деді ол.
Балалар ауруханасының өкілдері өз кінәсін мойындамайды. Олардың айтуынша, балаға медициналық көмек стандарттарға сай көрсетілген, ал қайғылы жағдай – медициналық сипаттағы оқиға.
Сот процесі жалғасуда. Талап бойынша істі мәні жағынан қарауға тараптар кейінірек көшеді.