Атырау әкімдігі 30 жылдық өтілі бар ұстаздың баспанасын тартып алмақ болды

Автор: Асыл Арман

Жергілікті орган мен ұстаз арасындағы дауға қатысты сот шешімі шықты

Фото: istockphoto.com

Атырау қаласының 30 жылдық еңбек өтілі бар педагогіне 2011 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 68,3 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер жалға берілген. Алайда, арада үш жыл өткен соң, жергілікті Тұрғын үй инспекциясы педагогтің бұрын жылжымайтын мүлкі болғанын алға тартып, бұл пәтерді жекешелендіруге тыйым салды. Осы іске қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұрынғы мүлік пен өмірлік жағдай

Мемлекеттік мекемеде ұзақ жылдар жұмыс істеген бұл мұғалім – балалар үйінің түлегі. Ол пәтердің жалдау ақысы үнемі төленіп отырғанын дәлелдеп, сотқа жүгінді. Бұрын оған 20,5 шаршы метрлік жер телімі берілгенімен, қаржы жетіспеушілігіне байланысты құрылыс аяқталмаған: үй терезесіз, ішкі әрлеусіз қалып, тұруға жарамсыз күйде болған. Кейін ол бұл телімді досына сыйға берген.

Сот шешімі және заң нормалары

Сот істі қарау барысында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75-бабына назар аударды. Бұл бапта бір адамға шаққандағы тұрғын үй алаңы кемінде 15 шаршы метр болуы керектігі көрсетілген.

Сот сонымен қатар мынандай жағдайлар анықталды:

  • Уәкілетті орган әкімшілік рәсім тәртібін бұзған;
  • Тұрғын үй комиссиясының шешімі үй иеліктен шығарылғанға дейін қабылданған;
  • Талапкердің дәлелдері толық және объективті зерттелмеген.

Әкімшілік акт және нәтиже

Осы деректерге сүйене отырып, сот педагогтің талабын толық қанағаттандырды. Жауапты мемлекеттік органға пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік беретін әкімшілік шешім қабылдау міндеттелді.

Шешімнің заңды күші

Мемлекеттік орган сот шешімімен толық келісті, апелляцияға шағым түсірген жоқ. Сот шешімі заңды күшіне енді және орындалуға жатады.