Оқиғаға қатысты қалалық әкімдік түсініктеме берді
Ақтауда теңіз жағалауындағы қоғамдық дәретханаға кіреберісте еденде ұйықтап жатқан балалар мен мас күйдегі кассир жұрт назарына ілікті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 15-шағынаудандағы қоғамдық дәретханада болған. Ақтаулық зейнеткер ерлі-зайыптылар бұл жағдайға куә болған.
«Біз – зейнеткерміз, бүгін серуендеуге жағалауға шыққан едік. Жолдасым қоғамдық дәретханаға кірмек болғанда мынандай жағдайға тап болдық. Біріншіден, кассир – әйел адам, мас күйінде бізден ақша алды. Ал іште еденде балалар ұйықтап жатыр. Біраздан соң ішке тағы бір ер адам мен бала, сондай-ақ мас күйдегі әйел кірді. Олар бізбен жанжалдасып, болған жайтты телефонға түсіруге тыйым салды. Бұл – адам көп жүретін қоғамдық орын үшін масқара жағдай», – дейді жергілікті тұрғын.
Әйел адамның айтуынша, дәретханада тағы бір бөлек бөлме болған, онда да жасөспірімдер ұйықтап жатқан көрінеді.
«Дәретхана түсініксіз адамдар жиналатын жерге айналған. Барлық орын лас, санитарлық талаптар сақталмаған», – деп шағымданды ол.
Ол қала әкімдігін бұл жағдайға назар аударып, тиісті шара қолдануға шақырды.
«Қала билігі әрекет етеді деп сенемін. Бұл – қоғамдық орын. Онда үнемі демалушылар көп. Мұнда жасөспірімдер келсе не болмақ? Қауіпсіздік жоқ. Немесе турист келсе!?. Қандай әсермен кетеді? Дәретхананың дәл жанында қонақүй орналасқан», – деді тұрғын.
Ақтау қаласының әкімдігі бұл оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді.
«4 тамызда, 15А шағынаудандағы қоғамдық дәретхананың кассирі жұмыс орнында мас күйінде болған және жанында балалар болған. Осы оқиғаға байланысты дәретхананың күтіміне жауапты мекемеге қатаң ескерту берілді. Кассир жұмыстан шығарылды», – делінген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі таратқан хабарламада.
Әкімдік өкілдері қоғамдық орындар мен ондағы нысандар күнделікті бақылауда болатынын атап өтті.