Жетісу облысында марихуана таратқан фитозертхана анықталды

Автор: Асыл Арман

Күдікті – 36 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысының полиция қызметкерлері марихуана таратқан фитозертхананы анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел бақылау нәтижесінде ерекше иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес заты салынған зип-пакеттер табылған екі қаптама снек сатып алынған. Сот сараптамасы бұл заттың марихуана екенін растады – салмағы 2,5 грамм.

Күдікті – 36 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны. Оның үйін тінту барысында мынадай заттар тәркіленді:

  • шығу тегі белгісіз тұқымдар салынған 7 қаптама;
  • қолдан жасалған шылым шегуге арналған құрылғы;
  • қоңыр түсті ұнтақ салынған зип-пакет;
  • тыңайтқыш құйылған 7 бөтелке;
  • қарасораға ұқсас өсімдігі бар 2 гүлсауыт.

Сараптама нәтижесінде алынған заттың 18 грамы – кептірілмеген қарасора, 34 грамы – кептірілген марихуана. Сондай-ақ, каннабис тектес өзге де заттар тіркелген.

Тергеу барысында күдіктінің үйінде арнайы жарықтандыру құралдарымен жабдықталған, тыңайтқыштар пайдаланылған фитозертхана ұйымдастырғаны белгілі болды. Онда өсірілген өнім азық-түлік өнімдерінің арасына жасырып, тұтынушыларға өткізілген.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Ескерту:

Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе жөнелту ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады. Мүлкі тәркіленуі мүмкін.