Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бәрі WhatsApp арқылы келген хабарламадан басталған
Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Ақсу қаласының тұрғыны алаяқтардың құрығына түсіп, 15 257 000 теңге көлеміндегі ақшасынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қаскөйлер азаматтарды алдау әдістерін үнемі жетілдіріп отырады, ал трендтегі жаңалықтар мен қаржы нарығындағы ахуалды жіті бақылап отырады.
«Алаяқтар қажет ақпаратты алған бойда, санаулы минуттар ішінде сенімді азаматтардың қалтасын босатуға қабілетті», – деп хабарлайды ведомство.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бәрі WhatsApp арқылы келген хабарламадан басталған.
«Маған жұмыс істейтін зауытымыздағы кәсіподақ комитетінің төрағасынан хабарлама келді. Онда белгісіз біреулер менің атымнан несие рәсімдегені жазылған. Бір минуттан кейін өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалып, «ақшаны қауіпсіз ету үшін дереу алып, белгілі бір шоттарға аудару қажет» деп сендірді. Мен екі банктегі депозиттерімді шешіп, тағы бір банктен несие рәсімдеп, олардың айтқан шоттарына аудардым. Барлық нұсқауын орындаған соң, өзімнің алаяқтардың арбауына түскенімді түсіндім де, бірден полицияға жүгіндім», – дейді жәбірленуші.
Құқық қорғаушылар кез келген азамат алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан қоғамға алаяқтықты тану мен алдын алу тәсілдерін үйрету – басты міндет.
«Ақшаға қатысты кез келген ұсынысты сыни оймен қабылдаңыз. Маңызды шешім қабылдауға асықпаңыз. Бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, оның ішінде жеке куәлік көшірмесін ешқашан жібермеңіз», – дейді полиция өкілдері.