Алакөл жағасында 120-дан астам бала жоғалып кетті – полиция ескерту жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Тәртіп сақшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға сақ болуды ескертті

Фото: gov.kz

Абай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, биыл Алакөл жағасында баласын жоғалтып, тәртіп сақшыларына жүгінетін ата-аналар күрт көбейген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алакөл жағалауында туристік полиция қызметкерлеріне суға түсу маусымы басталғалы бері балалардың жоғалуына байланысты хабарлар жиі түсуде. Әсіресе Арбат аумағында адам көп шоғырланатын жерлерде ата-аналар балаларынан көз жазып қалып жатады. Маусым-шілде айларының ішінде 120-дан астам бала жоғалған, алайда барлығы дер кезінде табылып, аман-есен ата-анасына тапсырылды», – делінген ресми ақпаратта.

Тәртіп сақшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға сақ болуды және оларға қадағалауды күшейтуді ескертеді. Көпшілік орындарда баланың көзден таса қалмауын қадағалау – ата-ананың тікелей міндеті.