Құқық бұзушы өз кінәсін мойындады
Жаңаөзенде жүргізуші көлігін мас адамға басқаруға бергені үшін 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңаөзен қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше көлік құралын алкогольдік масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін Д.-ға қатысты әкімшілік іс (ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі) қаралды.
«Д.-ның 2025 жылғы 22 қаңтарында Жаңаөзен қалалық сотының қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік құралын басқару үшін жеңіл дәрежелі масаң күйде болған К-ге басқаруға бергені анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, өзінің түсініктемесімен, Жаңаөзен қалалық сотының қаулысымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы электрондық хаттамасымен растады.
Құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, шын ниетпен өкінетіндігін атап өтті.
«ҚР ӘҚБтК-нің 608–бабы, 6-бөлігінің санкциясы 20 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді. Сот құқық бұзушының шын ниетпен өкінгенін әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жазаны ауырлататын мән жайлар анықталған жоқ», - дейді соттағылар.
Сот қаулысымен Д. ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза кесілді. Қаулы заңды күшіне енді.