Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді
Жамбыл облысында ауруханаға іші ауырып, жүрек айныған 18 жастағы қыз жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше іш қуысын УДЗ зерттеуі барысында асқазанда бөгде зат бар екені анықталған. Трихобезоар диагнозы гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде нақтыланды.
«Науқасқа жалпы анестезиямен лапаротомия жасалып, асқазан қуысынан ұзындығы 30 сантиметрден асатын тығыз шаш түйіні алынды», - деп жазылған хабарламада.
Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді. Екінші күні науқас сұйық тағам іше бастаса, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды.
Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есімов жетекшілік еткен хирургтер бригадасы, анестезиолог, операциялық медбике және операциядан кейінгі бақылау тобы бірлесе жүргізді.
Трихобезоар – бұл трихотилломания деп аталатын психикалық бұзылысы бар адамдарда кездесетін, асқазанда жиналған шаштың тығыз массасы. Бұл дертке шалдыққандар шашты жұлып, оны жейтін әдетке ие болады. Шаш асқазанда қорытылмай, жиналып, көлемі ұлғайып, уақыт өте келе асқазан не ішектің бітелуіне, анемияға, ағзаның жалпы әлсіреуіне, ауыр жағдайларда асқазан қабырғасының тесіліп кетуіне себеп болуы мүмкін.