Биологиялық жолмен тазарту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акция аясында «Кіші Талдыкөл» жүйесіндегі су айдындарын қалпына келтіруге бағытталған экологиялық шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше, іс-шара Астанадағы көлдердің жай-күйін жақсарту және оларды экологиялық жағынан қалпына келтіру бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаның бір бөлігіне айналды.
«Тазарту жұмысы №5 және №7 учаскелерде отандық заманауи биологиялық препараттарды қолдану арқылы жүргізілді. Процесс барысында Bacillus subtilis, B. amyloliquefaciens, B. pumilus штамдары негізіндегі сұйық құрамдар, сондай-ақ ұзақ әсер ететін ТМ-түйіршіктер (ТМ – тиімді микроағзалар – ред.) пайдаланылды. Бұл құралдар органикалық ластануларды ыдыратуға, патогенді микрофлораны басуға, микробтық тепе-теңдікті қалпына келтіруге және судың, сондай-ақ шөгінділердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Акция аясында мамандар кейінгі зертханалық талдау үшін су сынамаларын алды. Тұрақты мониторинг жүргізу өзгерістердің серпінін бақылауға, қолданылып жатқан технологиялардың тиімділігін бағалауға және тазарту бойынша алдағы шараларды дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Іс-шараға ғылыми-талдамалық орталық қызметкерлері, әкімдік өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.
«Ғылым, бизнес, билік пен қоғам арасындағы үйлесімді өзара әрекеттестік елорданың экологиялық қауіпсіздігі мен орнықты дамуы жөніндегі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Айдар Рашид.
Көлдерді биологиялық жолмен тазарту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда: ол препараттарды жүйелі енгізуді, жағалау сызығын санитарлық өңдеуді және тұрақты экологиялық бақылауды қамтиды.