Қостанайда шетелдік нөмірмен жүрген BMW жүргізушісі жол ережесін 25 мәрте бұзған
Жүргізуші интеллектуалды жүйе арқылы анықталды
«Қорғау» интеллектуалды жүйесінің көмегімен полицейлер жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзып, айналадағыларға қауіп төндірген Қостанай ауданының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ол шетелдік тіркеудегі BMW автокөлігін жүргізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, жүргізушінің атына 25 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген, оның 24-і – жылдамдықты арттыру дерегі, олар автоматты тіркеу құралдары арқылы анықталған.
Жиі жасалған бұзушылықтар мен жол ережелеріне немқұрайлы қарау өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген.
«Төленбеген айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 600 мың теңгені құрайды. Құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлігі арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерге жол ережелерін және жолдағы қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын ескертеді», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.