Тінту кезінде 150 мыңнан астам вейп тәркіленді
Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі тыйым салынған электрондық тұтыну жүйелерінің (вейп), дәмқосқыштар мен арнайы сұйықтықтардың заңсыз айналымына қарсы ірі операция жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында анықталғандай, «ESCOBAR OPTOM» атауымен тіркелген Telegram арнасы арқылы вейп өнімдері жасырын сатылып, курьер арқылы жеткізіліп отырған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде сатуға арналған қоймалар мен нүктелердің мекенжайы белгілі болды. Тінту кезінде 150 мыңнан астам вейп тәркіленді. Заңсыз тауардан түсетін табыс 1 миллиард теңгеден асуы мүмкін еді.
Тәркіленген өнімдердің кәмелетке толмағандар, әсіресе мектеп жасындағы балалар арасында кеңінен тарағаны белгілі болды. Топ мүшелері вейптерді қасақана жасөспірімдерге бағыттап, олардың денсаулығына елеулі қауіп төндірген.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, қосымша мәліметтер жария етілмейді.