Жамбыл облысында мектеп «завучы» 3 млн теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

Автор: Асыл Арман

Оның 7 үйді тонағаны да анықталды

Фото: istockphoto.com

33 жастағы Шу ауданының мектеп директорының орынбасары 3 миллион теңгеден астам сомаға ұрлық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шу ауданының тұрғыны 23 шілде күні полицияның кезекші бөліміне арызданған. Айтуынша, белгісіз біреу терезе арқылы үйіне кіріп, алтын әшекейлері мен ақшасын ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын – 2,9 миллион теңге.

Полиция қызметкерлері күдіктіні жедел анықтады – ол ауыл мектептерінің бірінде директордың орынбасары болып жұмыс істейтін 33 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Үйін тінту кезінде жәбірленушіге тиесілі ақша мен зергерлік бұйымдар тәркіленді.

«Күдікті кінәсін мойындады. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы жеті ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы шығын шамамен 3 млн 450 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды», – деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі редакция сауалына жауап ретінде.