Қарағандыда ғимараттың бір шеті опырылып түсті: 15 жұмысшы эвакуацияланды

Автор: Асыл Арман

Алдын ала мәлімет бойынша, құлаған аумақтың көлемі 150 шаршы метрді құрайды

Фото: Видеодан скрин

Қарағанды қаласында орналасқан бұрынғы банк ғимаратында құрылыс конструкциялары құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

29 шілде күні сағат 15:45-те Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданында орналасқан Ерубаев көшесіндегі ғимараттың бір бөлігі құлады. Бұл нысан – бұрынғы АТФ банкінің ғимараты, қазіргі уақытта «Bolashaq» академиясының оқу корпусы ретінде пайдаланылып келеді.

Құлау көлемі – 150 шаршы метр

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, ғимараттың ағаш шатыр қаңқасы, үшінші қабаттан бірінші қабатқа дейінгі аралық жабындар, сыртқы қабырға мен баспалдақ өткелі құлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, құлаған аумақтың көлемі 150 шаршы метрді құрайды. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар 15 жұмысшыны эвакуациялады.

Зардап шеккендер жоқ

Құлаған үйінді астынан ешкім табылған жоқ, ешкім зардап шекпеген. Қазіргі таңда апаттың нақты себебі анықталып жатыр.