Заң 10 күннен кейін күшіне енеді
Қырғызстанда порнографиялық мазмұндағы сайттарды таратуға және оларға қолжетімділікке заң жүзінде тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ел аумағында порнографиялық элементтері бар сайттарға қолжетімділікті және олардың таралуын шектейтін заңға қол қойды. Бұл құжат азаматтардың рухани-адамгершілік саулығын сақтау мақсатында қабылданған.
Заң талаптарына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік орган порнографиялық контент таралғанын анықтаған жағдайда, тиісті сайт немесе оның парақшасы екі айға дейін бұғатталуы мүмкін.
Мәліметте атап көрсетілгендей, интернет-провайдерлер, хостинг қызметін ұсынушылар, сайт және парақша иелері порнографиялық сипаттағы контентке қолжетімділікті шектеуге міндетті.
Бұл талаптарды орындамаған тұлғалар Қырғыз Республикасының құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Аталған заң ресми жарияланған күннен бастап он күн өткен соң күшіне енеді.