Атырауда ауа сапасы нашарлайды: синоптиктер ескерту жасады
Зиянды заттар ауада таралмай, төменгі қабатта жиналады

Атырау қаласында 29 шілде күні зиянды заттардың ауада шоғырлануы күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Бұл жағдай атмосфералық ауаның ластануына қолайлы метеорологиялық факторлармен байланысты. Яғни, белгілі бір ауа райы құбылыстары зиянды қосындылардың жерге жақын қабатта жиналуына және ауада таралмай қалуына әкеледі.
ҚМЖ дегеніміз не және ол несімен қауіпті?
Қолайсыз метеорологиялық жағдай (қысқаша – ҚМЖ) – бұл атмосферада ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіретін ауа райы құбылыстары. Оларға мыналар жатады:
- тымық ауа райы (штиль);
- баяу соғатын әлсіз жел;
- тұман;
- температуралық инверсия (жылу ауаның жоғары қабатына жиналып, салқын ауа төменде қалатын құбылыс).
Осындай жағдайлар кезінде зиянды заттар ауада таралмай, төменгі қабатта жиналады. Бұл – қала орталығындағы тығыз құрылыстар мен өндірістік аймақтарда ауа сапасының уақытша нашарлауына әкелуі мүмкін.
Қауіптен қалай сақтануға болады?
Мамандардың айтуынша, ҚМЖ кезінде мынандай кеңес беріледі:
- ашық ауада ұзақ уақыт болмау;
- терезені жиі ашпау;
- денсаулыққа зиян келмеуі үшін үйде ауа тазартқыш құрылғыларын пайдалану.