Қазақстанның оқушылары Бакуде өткен халықаралық олимпиадада 3 медаль жеңіп алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Олардың қаржы туралы сауаты көпті таңдай қақтырды 

Фото: NIS

Баку қаласында өткен IEO – 2025 Халықаралық экономика олимпиадасында Қазақстанның оқушылары ел мерейін үстем етті. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары білім мен бәсекенің биік шыңынан көрініп, 1 алтын және 2 күміс медальға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS мектебінің оқушысы Батырхан Мұхтархан олимпиаданың ең жоғары жүлдесі – алтын медальді жеңіп алды. Ол экономика саласындағы терең білімімен және логикалық ойлау қабілетімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын иеленді.

Ал Әділет Абзалиев пен Нұрхан Төлеев IEO – 2025 олимпиадасында күміс медальмен марапатталды. Олардың экономика, қаржылық сауаттылық және бизнес-тапсырмаларды шешу бағытындағы білімдері халықаралық деңгейде мойындалды.

IEO – 2025 олимпиадасы биыл 53 елден келген 300-ден астам қатысушыны біріктірді. Олимпиада бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтыды:

  • Экономикалық теория
  • Қаржылық сауаттылық
  • Бизнес-кейсті шешу

Қатысушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде дәлелдеп, күрделі кейстерді шешуде логика мен шығармашылықты ұштастырды. Қазақстандық зияткерлер бұл сындардан сүрінбей өтіп, жоғары академиялық дайындықтарын және халықаралық бәсекеге қабілеттіліктерін көрсетті.