Шекарадағы қарулы жанжал 24 шілдеде басталған
Таиланд пен Камбоджа бірнеше күнге созылған шекаралық қақтығыстардан кейін атысты тез арада тоқтату туралы келісімге келді. Бұл туралы Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
BBC мәліметіне сүйенсек, Анвар Ибрагимнің айтуынша, Камбоджа премьер-министрі Хун Манет пен Таиланд үкіметінің уақытша басшысы Пхумтам Вечаячай дереу бітім жасауға дайын екендіктерін білдірді. Бұл шешім Малайзия, Таиланд және Камбоджа басшыларының қатысуымен өткен үшжақты келіссөздер барысында қабылданды.
Шекарадағы қарулы жанжал 24 шілдеде басталған. Қарулы қақтығыстар салдарынан екі тараптан да ондаған адам, оның ішінде бейбіт тұрғындар көз жұмды.
Жаңа келісімге сәйкес, атысты тоқтату туралы шешім 29 шілде күні жергілікті уақытпен түнгі сағат 00:00-де күшіне енеді.
Үш елдің көшбасшылары келісімге жеткені үшін бір-біріне алғыс білдіріп, кездесуді бірлік пен бейбітшіліктің символы ретінде қол алысумен аяқтады.