425 маусымдық жұмысшы тұрақты қызметке ауысты
Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы саласындағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы министрліктің Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ләззат Жүсіпованың айтуынша, 2025 жылдың басынан бері «Қазсушар» РМК-ның 279 маусымдық қызметкері тұрақты жұмыс орнына ие болды, алдағы уақытта тағы 146 адам жұмысқа қабылданбақ.
«Осылайша, еліміздің ең ірі су шаруашылығы кәсіпорнының барлық 425 маусымдық қызметкері тұрақты жұмыс орнына ауыстырылады», – деді ол.
2024 жылы су шаруашылығы саласындағы жалақы деңгейін теңестіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Мақсат – сала мамандарының еңбекақысын энергетика саласындағы әріптестерінің деңгейіне жақындату.
Бұл үшін «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізілген.
«2025 жылдың маусым айында мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Бұл өз кезегінде су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді», – деді Жүсіпова.
Жаңа құқықтық тетіктердің арқасында салада кадрлық әлеует нығайып, қызметкерлердің ауысуы азайып, мамандықтың тартымдылығы арта бастағаны байқалып отыр.