Қарт кісі телефонына хабарласқан адамға сеніп, 5 келі алтын мен миллиондаған ақшасын беріп жіберген

Автор: Асыл Арман

Мәскеуде егде жастағы әйел телефон алаяқтарының құрбаны болды

Фото: istockphoto.com

Ресейдің Мәскеу қаласында зейнеткер әйел алаяқтардың құрған күрделі схемасының құрбанына айналып, қомақты қаржы мен бағалы бұйымдарынан айырылды. Бұл туралы Ресей Федерациясының мәскеулік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алаяқтардың айласы: қадам-қадаммен құрылған тұзақ

Алдымен зейнеткерге өзін сервистік қызметкермін деп таныстырған белгісіз адам хабарласқан. Ол тұрғын үйдегі домофонды ауыстыру жоспарланып жатқанын айтып, жаңа кілттерді алу үшін СМС-код жіберуді сұраған.

Бұдан кейін әйелге «Роскомнадзор қызметкері» болып тағы бір алаяқ қоңырау шалып, оның жеке деректері ұрланғанын айтып сендірген. Ол тіпті әйел мен оның жұбайының атынан сенімхаттар рәсімделгенін айтып, жинаған ақшаны сақтау үшін телефон арқылы берілген нұсқауларды орындау қажет деген.

Алаяқтарға кеткен шығын – 63,7 млн рубль

Алаяқтармен 5 күн бойы, кейде видеоқоңырау арқылы сөйлескен әйел, олардың айтқанына сеніп, код сөзін айтып, бірнеше курьерге ақшасын және әрқайсысы 250 грамм тартатын 20 алтын құймасын тапсырған. Жалпы шығын көлемі – 63,7 миллион рубльден астам.

Тергеу бақылауда

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары Мәскеу қалалық прокуратурасының бақылауына алынған.