БҚО-да 27 жасөспірім қыз жүкті болып қалды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жүкті болған қыздардың дені – 17 жаста

Фото: © freepik.com

Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған 27 қыздың жүкті болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Жүкті болған қыздардың дені – 17 жаста

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ерте жүктілікке ұрынған қыздардың төртеуі ауылдық жерде тұрады. Ал 9 қыз нәрестесін аман-есен өмірге әкеліп үлгерген.

Дәрігерлер жас аналардың денсаулығы бірқалыпты екенін айтады. Дегенмен, жетілмеген ағза үшін жүктілік пен босану – денсаулыққа қауіпті. Мамандардың сөзінше, жасөспірімдердің жыныстық сауаты төмен жәнк ерте жүктіліктің негізгі себебі осы.

«Жастар денсаулығы орталығымен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 15 361 кеңес өткізілді. Бұл тек келіп-кеткендер ғана емес, мектептер мен колледждерге барып та түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Негізгі тақырыптар – ерте жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу», – деді БҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айнагүл Нұрболатқызы.

Сарапшылар не дейді?

Мамандар ерте жүктіліктің денсаулыққа ғана емес, қыз баланың психикасына, әлеуметтік жағдайына да кері әсері бар екенін ескертеді. Сонымен қатар, отбасында, мектеп пен қоғамда бұл тақырып әлі де жабық күйінде қалып отырғанын айтады.

Ерте жүктіліктің қаупі қандай?

Жасөспірім қыздың ағзасы физиологиялық тұрғыдан толық жетілмегендіктен:

  • Босану кезінде асқыну қаупі жоғары,
  • Бала денсаулығына қауіп төнеді,
  • Қыздың білім алуына, болашақ жоспарына кері әсер етеді,
  • Әлеуметтік стигма мен психологиялық жарақат тудыруы мүмкін.