Сот шешімі: борышкердің құқықтары емес, баланың мүддесі маңызды
Шымкент қаласында кәмелетке толмаған баланы асырауға байланысты алимент өндірісі бойынша жеке сот орындаушысының әрекетсіздігі заңсыз деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылғы сәуірден бастап аталған өндіріс ісі жеке сот орындаушының (ЖСО) қарауында болған. Алайда, 2025 жылдың наурыз айында алимент алушы әйел Шымкент қаласындағы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына шағым түсіріп, борышкердің берешек сомасын анықтауды сұраған.
Сонымен қатар, ол борышкердің банктік шоттары бар-жоғын анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізуді де сұрады.
Сот мәліметінше, борышкерден түсініктеме алынбаған, оның нақты тұрғылықты жері мен жұмыс орны анықталмаған, алимент өндіру шаралары жүргізілмеген. Бұл әрекеттер баланың құқықтарының бұзылуына әкелген.
«Атқарушылық іс жүргізу материалдарынан көрініп тұрғандай, ЖСО ешқандай нақты әрекет жасамаған», – делінген соттың хабарламасында.
Сот ЖСО-ның әрекетін Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңындағы уақтылылық, ашықтық, мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану және азаматтар мен балалардың құқықтарын қорғау қағидаттарын бұзу деп тапты.
Нәтижесінде, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ЖСО-ның әрекетсіздігін заңсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енді.