Прокуратура заңсыз әрекеттердің қалай жасалғанын әшкере етті
Павлодар облысының прокурорлары мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында жарты миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының ұрланғанын анықтады. Заңсыздықтар әсіресе ақпараттандыру мен әлеуметтік тұрғын үй салаларында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурорлық тексеріс барысында ақпараттандыруды дамыту өңірлік орталығында жеткізушілерге нақты көрсетілмеген қызметтер үшін 110 млн теңге бюджет қаражатынан заңсыз төленгені анықталды.
Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту, жер және сәулет салаларын цифрландыру тек құжат жүзінде ғана орындалған.
Ақсу қаласында әлеуметтік тұрғын үй салу кезінде жоқ тауарлар мен орындалмаған жұмыстар үшін мердігерге 450 млн теңге заңсыз төленген. Бұл жағдай құрылысты ұзаққа созылған нысанға айналдырды.
Мемлекет мүддесіне қарсы жасалған бұл әрекеттердің қоғамға тигізетін салмағы ескеріліп, іс бойынша арнайы прокурорлар тергеу жүргізіп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.