Екібастұзда көшеге түкіріп, қоқыс тастаған ондаған адам камера арқылы табылып, жазаға тартылды

Автор: Асыл Арман

Тәртіп сақшылары ескерту жасады

Фото: Павлодар облысы ПД

Екібастұзда полиция бақылау камералары арқылы жалпы пайдалануға арналған орындардың ластануының 42 дерегін тіркеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылды. Тәжірибе көрсеткендей, кейбір қала тұрғындары жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды – саябақтарды, гүлзарларды, көшелерді әдейі ластап, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастайды.

Аймақта жыл басынан бері қоршаған ортаны ластаумен байланысты 167 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл жай ғана сандар емес – бұл дабыл қағарлық белгі. Тазалық пен тәртіпті сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл – азаматтық жауапкершілік пен табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам.

«Құрметті, қала тұрғындары мен қонақтары! Мен әр адамды біз тұрып жатқан ортамызды қорғаудың маңыздылығы туралы ойлануға шақырамын. Ол үшін қоғамдық тәртіпті сақтау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау қажет. Біздің қаламыз таза әрі қауіпсіз болуы тиіс!» – деді Екібастұз қалалық Полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.