Рестлингтің жарқын жұлдызы Халк Хоган қайтыс болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

WWE аңызы Халк Хоган 71 жасында қайтыс болды

Фото: TMZ

Кәсіби рестлингтің ең танымал тұлғаларының бірі, 1980 жылдары культке айналған кейіпкер Халк Хоган 71 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі TMZ порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігерлер Хоганның үйіне келгенде жүрек соғысы тоқтап қалған

Басылым мәліметінше, дәрігерлер бейсенбі күні таңертең АҚШ-тың Флорида штатындағы Клируотер қаласында орналасқан Хоганның үйіне келген. Құтқару қызметі «жүрек тоқтауы» жағдайын тіркеген.

Бұған дейін, бірнеше апта бұрын, әйелі Скай Хоган күйеуінің комаға түскені туралы қауесеттерді жоққа шығарып, оның жүрегі мықты екенін және бірнеше операциядан кейін қалпына келіп жатқанын айтқан еді.

WWF/WWE тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі

Халк Хоган (шын есімі – Терри Джин Боллеа) 1980-1990 жылдары WWF (қазіргі WWE) брендінің символына айналған америкалық культ рестлер.

Хоган рестлингті жай ғана спорт емес, шоу-бизнеске айналдырды: ол ареналарды лық толтырып, фильмдерге түсіп, журнал мұқабаларынан түспеді. Оның Андре Алып және Ультимейт Воин сынды қарсыластарымен болған жекпе-жектері бүгінге дейін рестлингтің классикасы саналады.

Хоган – шоу-бизнеске жол ашқан рестлер

1990 жылдардың соңында WCW ұйымында New World Order (NWO) тобын құрып, Хоган өзінің образын толықтай өзгертіп, карьерасын қайта жаңғыртты. Бұл қадам оның танымалдығын жаңа деңгейге көтерді.

Халк Хоган тек спортшы ғана емес, рестлингті әлемдік деңгейдегі шоуға айналдырған тұлға ретінде есте қалады.