«Қазавиақұтқару» пилоттары шұғыл көмекке мұқтаж әйелді тікұшақпен Өскеменге жеткізді
Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» қызметінің пилоттары дәрігерлермен бірлесіп, шұғыл көмек қажет болған әйелді Ақжар ауылынан Өскемен қаласындағы ауруханаға жеткізді, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
1982 жылы туған науқас әйелге шұғыл медициналық көмек қажет болған. Осыған байланысты ТЖМ-ға қарасты «МИ-8» тікұшағы жұмылдырылды. Ұшуды пилоттар Дулат Ахметов пен Азамат Қабден орындаған. Олар санитарлық авиация дәрігерлерімен бірге пациентті дереу жеткізді.
«Мұндай шұғыл әуе тасымалдары жоғары кәсіби дайындық пен тәжірибені талап етеді. Экипаж бен дәрігерлердің үйлесімді әрекеттерінің арқасында ұшу сәтті өтті. Әйел аман-есен ауруханаға жеткізілді», – делінген ТЖМ мәлімдемесінде.