Қазақстанда мектеп асханаларында енді фаст-фуд, газдалған сусын сатуға тыйым салынады

Автор: Асыл Арман

Денсаулық сақтау министрі қандай тағамдар сатылмайтынын түсіндіріп берді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2025-2026 оқу жылынан бастап мектеп асханаларында тамақ дайындау жаңа стандарт бойынша жүргізіледі. Жаңа талаптар қандай болатынын ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мектептегі тамақтану мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы 1-4 сынып оқушыларын мектептегі тамақпен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Өткен жылы президент тамақтың сапасына ерекше назар аударып, премьер-министр 2024 жылдың соңына дейін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырды», – деді Әлназарова бейсенбі күні Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жаңа ережелер бекітті.

«Ең алдымен, дайын тағамдарда қант мөлшері 3,5 есеге, ал тұз мөлшері 2-2,5 есеге азайтылады. Басты себеп – балалардың жас кезінен қалыптасатын тамақтану әдеттері. Бұл мәзір тек мектеп асханаларына ғана емес, сонымен қатар балалар мен мектепке дейінгі мекемелерге де қатысты болады», – деді министр.

Сондай-ақ, министр қазіргі таңда мектептегі тамақ сапасын бақылау және мониторинг жүргізуге жауапты медицина қызметкерлерін, атап айтқанда мектеп медбикелерін оқыту жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

«Мектеп асханаларында қандай өнімдерді сатуға болатыны нақты белгіленген. Асханаларда жеңіл сіңетін көмірсулар – фастфуд, гамбургер, чебурек және т.б. сатуға тыйым салынады. 100 мл компотқа қанша қант қосу керек екеніне дейін нақты көрсетілген. Біз бұл нормаларды соңғы рет 2014 жылы бекітілген стандарттарға сүйене отырып, қайта қарап, ДДСҰ-ның халықаралық талаптарына сәйкес етіп жаңарттық. Газды сусындар мен шоколадтар буфет өнімдерінің тізімінен толық алынып тасталды. Енді осы талаптардың орындалуын жүйелі түрде бақылау – басты міндет», – деп толықтырды Ақмарал Әлназарова.

Жаңа стандарттар 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.