Ақтөбеде полиция әке мен баланы бір түнде ұстап әкетті (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ жас жігіт болған

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде 23 шілдеге қараған түні сағат 01:30 шамасында Әбілқайыр хан даңғылында патрульдік полиция қызметкерлері Nissan X-Trail көлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлік тізгінінде 2003 жылы туған, жүргізуші куәлігі жоқ азамат отырғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкесі мас күйде келіп, полицияға кедергі келтірген

Жас жүргізушіге қатысты рәсімдер жүргізіліп жатқан кезде оқиға орнына оның әкесі келген. Ер адам мас күйде болып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, дөрекілік танытқан. Ол құқық қорғау органдарының әрекеттеріне наразылық білдіріп, процессуалдық шараларға кедергі келтіруге тырысқан.

Екеуі де жауапкершілікке тартылды

Облыстық ПД мәліметінше, әке мен бала полиция бөліміне жеткізіліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік арнайы тұраққа қойылды.