37 жастағы еркек үш адамды өлтірген: біреуінің мәйітін бөлшектеп, тоңазытқышқа жасырған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қанды оқиға Германияның Цвизель қаласында болды

Фото: istockphoto.com

Германияның Бавария аймағындағы Цвизель қаласында үш адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға күдіктінің өзі полицияға келіп, жасаған қылмысын мойындағаннан кейін әшкере болған.

Күдікті Аустрияда полицияға өзі барған

37 жастағы Словакия азаматы Аустрияның Линц қаласындағы полиция бөлімшесіне келіп, үш адамды өлтіргенін айтқан. Ол көпқабатты тұрғын үйде бірге тұрған адамдарды өлтіргенін мәлімдеп, «жерге жатып алып, жылаған» күйде куәлік берген.

Мәйіттердің бірі тоңазытқышта табылды

Бавария полициясының хабарлауынша, күдікті көрсеткен мекенжайға барған құқық қорғау қызметкерлері үш адамның мәйітін тапқан.

BILD басылымының дерегінше, бір әйелдің денесі бөлшектеніп, тоңазытқышқа жасырылған. Қаза тапқандардың арасында – 22 жастағы әйел мен 56 жастағы ер адам бар. Екеуі де Германия азаматтары. Үшінші адамның кім екені әзірге белгісіз, алайда ол да әйел болуы мүмкін.

Күдікті Германияға экстрадицияланады

Қазір күдікті қамауға алынып, оны Германияға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Қылмыстың нақты себептері, қолданылған қару және оқиғаның қалай өрбігені әлі анықталған жоқ.

Көршілер: «Бұл үй бұрыннан проблема еді»

Журналистерге сұхбат берген көршілердің айтуынша, күдікті тұрған үй «проблемалық үй» ретінде белгілі болған. Онда жиі төбелес шығып, полиция шақыртылатын. Үйде барлығы шамамен 10 адам тұрған.