31 азаматқа аса ірі көлемде материалдық шығын келген
Қостанайда жеке сот орындаушысы 56 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденіп, жауапқа тартылды. Бұл қаржыны оған борышкерлер өз міндеттемелерін өтеу үшін аударған. Алайда ол бұл ақшаны мақсатсыз жұмсағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың Telegram арнасына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотында қаралды. Айыптау ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабы 1-бөлігі бойынша – азаматтардың құқықтарына елеулі зиян келтіре отырып, өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін тағылды.
Сот анықтағандай, сот орындаушы аталған қызметте болған кезінде атқарушылық өндіріс бойынша борышкерлерге төлем жасау жөнінде қаулы жолдаған. Төлемдер олардың жалақысынан ұсталып немесе тікелей сот орындаушының шотына аударылған.
Сот мәліметінше, сот орындаушы түскен қаражатты мақсатқа сай пайдаланбаған. Нәтижесінде 31 жәбірленушіге аса ірі көлемде материалдық зиян келтірілген – жалпы сома 56 миллион теңгеден асады.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап, бұл мерзімді ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған «Рақымшылық туралы» Заң негізінде жартылай қысқартуды ұсынды.
Сотталушы кінәсін мойындап, шын ниетімен өкініш білдірді. Ол кәмелетке толмаған балалардың әкесі екені және зиянның бір бөлігін өз еркімен өтегені жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді. Ауырлататын жағдайлар анықталмады.
Сот үкімімен оған 2 жыл бас бостандығынан айыру және 3 жыл бойы жеке сот орындаушысы қызметін атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық аясында жаза 1 жылға қысқартылып, нақты 1 жыл бас бостандығынан айыру белгіленді.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.