Алматыда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер анықталды
Желіде бірнеше жүргізушінің жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған сәті түсірілген бейнежазба тарап кетті. Кадрлардан қарама-қарсы жолақпен жүру, артқа қозғалу, агрессивті жүргізу және басқа да қауіпті маневрлерді көруге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған жайт бойынша жергілікті полиция қызметі тексеру жүргізіп, жүргізушілердің кім екенін анықтады. Барлық автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Сот шешімімен бір жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды – ол жол қозғалысына қауіп төндіріп, көлікті кері бағытта жүргізген.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Шумаев жолдағы тәртіпсіздік ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
«Жол – бейқамдықты кешірмейді. Ереже бұзғандар жазасыз қалмайды. Қоғамдық резонанс тудырған осындай өрескел құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс жалғасады», – деді ол.
Алматы қалалық полиция департаменті барлық азаматтарды жол ережелерін сақтауға, басқа қатысушыларға құрметпен қарауға шақырады.