Астанада жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен ер адам бір айға қамалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан рульге отырған

Фото: Видеодан скрин

Астанада жүргізуші куәлігі жоқ 37 жастағы ер адам жол апатын жасап, оқиға орнын тастап кеткен. Бұл туралы елордалық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

LADA мен SKODA соқтығысты

Оқиға Бейсекова көшесінде болған. Күдікті LADA Granta автокөлігін басқарып келе жатып, рөлге ие бола алмай, SKODA маркалы көлікпен соқтығысқан.

Апат салдарынан көліктерге айтарлықтай материалдық шығын келтірілген. Абырой болғанда, ешкім жарақат алған жоқ.

Жүргізуші ұсталды, 30 тәулікке қамалды

Жол-көлік оқиғасынан кейін ер адам оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда полицияның жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік іс қозғалды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полициядан ескерту

Астана қаласының Полиция департаменті ескертеді:

Жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың көлік жүргізуі – жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуы. Мұндай әрекеттер адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды жол ережелерін қатаң сақтауға, жауапкершілікпен қарауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырады.