Әзербайжанда хаккер танымал адамдардың жеке деректерін Telegram-да сатқан
Оның ісі сотқа жолданды

Әзербайжан ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес бас басқармасы азаматтар жиі қолданатын онлайн мемлекеттік қызметтердің деректер базасына бағытталған кибершабуылдарға қарсы арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Операция барысында Баку қаласының тұрғыны Гусейн Магеррамов заңсыз түрде компьютерлік жүйелерге енгені үшін ұсталды. Ол азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізген, сонымен қатар бұл деректерді интернет арқылы сатумен айналысқан.
Министрлік мәліметінше, Магеррамов интернет арқылы шетелдік азаматтардан құралған киберқылмыстық топтармен байланыс орнатқан. Солардың көмегімен ол әртүрлі мемлекеттік жүйелердің қорғалған серверлеріне кіру үшін қажетті құпия сөздерді алған.
Заңсыз алынған жеке деректерді Магеррамов Telegram және басқа да әлеуметтік желілерде ашқан анонимді парақшалар арқылы сатып отырған. Ол тіпті жарнама жариялап, белгілі азаматтардың жеке деректерін бөліскен.
«Кез келген азамат туралы ақпарат сата аламын», - деген мазмұндағы хабарландырулар жариялаған.
Операция нәтижесінде заңсыз қол жеткізілген барлық дерек жойылып, жүйелерге қауіпсіздік шаралары қайта енгізілді. Электрондық сараптама Магеррамовтың компьютерлік жүйелерге заңсыз енгенін растады.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен іс қозғалып, күдіктіге айып тағылды. Тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.